КӨКШЕНІҢ «КӨРКЕМТАУЫ»

Облыстың бас мәдени орталығы саналатын «Көкшетау» Мәдениет сарайында бүгінде 28 шығармашылық ұжым дайындалады.

16:00, 18 мамыр 2017   289

Облыстың бас мәдени орталығы саналатын «Көкшетау» Мәдениет сарайында бүгінде 28 шығармашылық ұжым дайындалады. Олардың ішінде ән, би үйірмелерінен бөлек, жас домбырашылардың «Көркемтау» үйірмесі жұмыс істейді. Оның қатысушылары бос уақыттарын пайдалы өткізіп қана қоймай, қазақтың ұлттық аспабы киелі домбыраның техникасын жақсы меңгеріп, бүгінде жоғары нәтижелерге қол жеткізіп жүр.     

Атақты композитор Сыдық Мұхамеджановтың күйі – «Шаттық отаны». Дәл осы туынды ансамбльдің соңғы дайындаған шығармаларының бірі. Жалпы ансамбльдің репертуары бай, оның ішінде Құрманғазының «Боз шолақ», «Сарыарқа», Абылай ханның «Шаңды жорық» күйлері де бар. Қазақтың ұлттық өнерін насихаттау мақсатында құрылған жасөспірімдер ансамбліне бүгінде 9 бен 16 жас аралығындағы 23 бала қатысады. Ал оларға домбыра тартудың негізін үйретіп, өнерге баулып жүрген тәжірибелі маман Әсия Уахитова осы салада 35 жылдан бері еңбек етіп келеді.     

Қазақтың екі ішекті, көп пернелі ұлттық аспабын үйренуге ниет білдірген балалардың арасында өзге ұлттың өкілі де бар. Оның домбыраға деген қызығушылығы кішкентай кезінен басталған.   

Ансамбль өңірдің негізгі мерекелік шараларында өнер көрсетіп қана қоймай, көптеген облыстық, республикалық байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болған. «Күмбірле домбыра, шырқа сырнай» атты облыстық байқау мен Астанада өткен «Шаттық» жас дарындар халықаралық фестивалінің лауреаттары бүгінде жаңа белестерді бағындыруға дайындалуда.   

 

Әйгерім Бекмағамбетова, Павел Соловьев

«Қазақстан-Көкшетау» телеарнасының ресми сайты

020000, Ақмола облысы, Көкшетау қаласы, Куйбышев көшесі, 19 үй Байланыс телефондары: 8 (716 2) 40-13-75