БІЛІМ САПАСЫ - ҰРПАҚ САНАСЫ!

Ақмола аймағы республикада орта білім беру сапасы бойынша 15-ші орында

15:46, 21 сәуір 2017   239

Ақмола аймағы республикада орта білім беру сапасы бойынша 15-ші орында. Облыста былтыр өткен бірыңғай ұлттық тестілеудің орташа баллы да көңіл көншітпейді. Тіптен соңғы жылдары Көкшетаудың өзіндегі бірнеше мектептің директоры ауысқан. Десе де, нәтиже жоқ! Оқушылардың білім деңгейі мәз емес. Не істемек керек, енді? Бұл мәселе ведомствоаралық үйлестіру кеңесінің кезекті отырысында қызу талқыланды.

Көкшетауда осы кезге дейін ұлттық бірыңғай тестілеуге орай оннан артық алдын-ала тексеріс сынағы өткізілген. Нәтижесінде қала бойынша орташа ұпай 73,9 баллды құрапты. «Бұл өте нашар көрсеткіш» - деген «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов Көкшетау қалалық білім бөлімінің басшысын қатты сыңға алып, шаһардың бас педагогына «білім сапасын арттыра алмай отырсыз» деп мін тақты. 

 Кеңес осындай қарқынмен қызу өтті. Бірақ, қалалық білім бөлімінің басшысы «көрсеткіштеріміз жаман емес» - деп өзіндік дәйегін келтірді.

Көкшетаудың мектептері алдыңғы жылдары ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары ұпай жинаса, қазір бұл екпін бәсеңдеген. Нақтырақ, нөмірі 4, 8, 13 мектептердегі білім сапасы мәз емес. Бұл білім ошағының басшылары кеңесте ескерту алып тынды. Ал, биылғы түлектерге қойылар талап қатаң. Себебі алдағы ұлттық сынақ жаңа форматта өтпек! Сондықтан, санаулы уақытта дайындықты күшейтіп, бірыңғай ұлттық тестілеуде мұғалім де, оқушы да үдеден шығулары тиіс! Кеңес осындай талаппен түйінделді.

Қорғанбек Қонысбайұлы, Данияр Жұмағұл

«Қазақстан-Көкшетау» телеарнасының ресми сайты

020000, Ақмола облысы, Көкшетау қаласы, Куйбышев көшесі, 19 үй Байланыс телефондары: 8 (716 2) 40-13-75