ЕЛ БОЛАМЫН ДЕСЕҢ – БЕСІГІҢДІ ТҮЗЕ!

Өткен жылы Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің жанынан «Айғаным» қыздар клубы құрылған болатын.

19:28, 20 сәуір 2017   636

Өткен жылы Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің жанынан «Айғаным» қыздар клубы құрылған болатын. Бүгінде аға буын мен өскелең ұрпақтың пікір алмасуына мүмкіндік туғызып отырған клуб қазақ халқының салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын дәріптейтін жас ұрпақты тәрбиелейтін алаңға айналып отыр. Бұл жолы да аталмыш оқу орнында университет ректоры бастаған бір топ ардагер ұстаздардың қатысуымен «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» атты әдеби-танымдық кеш өтті.    

Өнегелі, сыпайы қыздарды тәрбиелеу ата-анамен қоса қоғамның да міндеті. Осы орайда қазақ халқы ежелден қыз баланың тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. Бүгінгі жас ұрпақ білім, ғылым мен техниканы жетік меңгеріп қана қоймай, ұлттық құндылықтар мен дәстүрімізді де дәріптеуі қажет. Әдеби-танымдық кештің де көздегені осы. Шараға арнайы шақырылған аға буын өкілдері болашақ ұрпақты тәрбиелейтін қыздарымызға ақыл-кеңестерін беріп, өмірлік мол тәжірибелерімен бөлісті. Кеш барысында «Аналар кеңесінің» төрайымы Зере Қиықова университет басшылығына өзінің ұсынысын білдірді.

Бүгінде университеттің белсенді жастарынан құралған 20-ға жуық студент «Айғаным» қыздар клубының мүшесі. Олардың көбі облыс көлемінде өткізілетін түрлі арулар байқауының жеңімпаздары ғана емес, білім мен тәрбиені ұштастыра білетін озат студенттер.       

Кеш барысында көрермен «Айғаным» клубы мен «Жауқазын» студенттер театры мүшелерінің дайындаған қойылымдары мен жергілікті әншілердің қатысуымен өткен концерттік бағдарламаны тамашалады.

Әйгерім Бекмағамбетова, Дархан Сағын

«Қазақстан-Көкшетау» телеарнасының ресми сайты

020000, Ақмола облысы, Көкшетау қаласы, Куйбышев көшесі, 19 үй Байланыс телефондары: 8 (716 2) 40-13-75