ШҰҒЫЛ! ӨҢІРДЕ ДӘРІ-ДӘРМЕК ТАПШЫЛЫҒЫ ЖОҚ Толығырақ

АЙТУҒА ОҢАЙ ЕМЕС...

19:58, 18 мамыр 2020

ДИКТОР: Бүгін қазақ журналистикасы қара жамылды. Жас та болса, жұртына жанашыр азаматқа айналған Бейсен Құранбек 49 мүшел жасында дүниеден озды. Бейсен Абайұлы қысқа ғана ғұмырында халқының берекеті үшін «қарекет» етіп, «айтуға оңай» емес дүниелерді ел алдында талқылап, ұлтының «ұлына» айнала білген.  

РКС: Бейсен Құранбек 1971 жылы Алматы облысына қарасты Қызылжар ауылында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық мемлекеттік университетінің түлегі. Еңбек жолын республикалық «Спорт» газетінде тілші қызметінен бастаған. Кейін «Рахат», «31 арна», «Хабар» арналарында, Президент телерадиокешенінде қызмет істеген. Әрі «Қазақстан» ұлттық арнасындағы «Айтуға оңай», «Қарекет» әлеуметтік-тұрмыстық ток-шоуын жүргізді. 2014 жылдан бері Алматы облыстық «Жетісу» телеарнасының бас директоры болған. Қазақстан Президенті сыйлығының иегері, Мәдениет қайраткері. Артында жары мен қос қызғалдағы қалды. Күллі қазақ үшін Бейсен Құранбек – мәңгілік жанашыр бейнесімен сақталмақ.

ШУМ: «Қарекет» бағдарламасынан үзінді

РКС: Еліміздің еңселі ері, жетім көрсе жебеп, жағдайсыз адам көрсе жәрдемдескенді жаны жақсы көріп тұратын, сырқат көрсе, сырымен бөлісіп, жан жарасын емдеуге тырыса жүретін абадан азамат көптен бері төсек тартып жатып қалған еді. Журналистика саласында бірге қалам тербеген Дана Нұржігіт замандасын еске алған жазбасында «Бейсенді қараған емшілердің бірі, «бүкіл қазақтың өксігін жинап алыпсың, қарағым-ау!» деген екен» деп жазады. Алматы облысы әкімінің тапсырмасымен әріптесімізді ақтық сапарға шығарып салу үшін арнайы комиссия құрылды. 

СНХ: АМАНДЫҚ БАТАЛОВ, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: //қаз// Аққан жұлдыздай ұшты да кетті. Жақсы адам еді. Орын толмайды. Иманды болсын!

РКС: Үлкенге іні, кішіге қамқор бола білген қарымды журналистің қазасы әріптестерінің қабырғасын қайыстырды.     

СНХ: МЕЙРАМ БАЗАРҰЛЫ, ӘРІПТЕС АҒАСЫ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚҰРМЕТТІ ЖУРНАЛИСІ: //қаз// Бейсеннің шәкірттерінің алды қазір Хабар арнасында, Қазақстан, 31 телеарнасында. Көптеген республикалық белді арналарда еңбек етіп жатыр. Жатқан жері жайлы болсын! 

СНХ: ГҮЛЖАНАТ МАҚҰЛЖАНОВА, «ЖЕТІСУ» ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ БАС РЕДАКТОРЫ: //қаз  Отандық журналистикада өзінің ізін қалдырды, ісін қалдырды. Шәкірттері барда, халқы барда ол ешқашан өлмейді. Бүгіннен бастап Бейсекенің екінші өмірі басталды. Қош, Бейсеке!

РКС: Бейсен аға 9 желтоқсан күні өз туған күнінде әлеуметтік желіде соңғы жазбасын қалдырған:

Жыл басынан бергі ішкі арпалысқа толы күндерімде, ұйқысыз түндерімде үш нәрсені тереңірек түсіндім... Бірінші, Ұстазым жиі айтатын «бұл өмірде ақшадан да, биліктен де құдіретті дүние бар. Ол – ниеттің, тілектің, батаның күші» деген сөздің рас екенін. Екінші, халқымыздың «басты байлық - денсаулық» деп бір ауыз сөзбен айта салған даналығына бас идім. Үшіншіден, бабаларымыз қалдырған «байлық – қолға ұстаған мұз, Бақыт – басқа қонған құс, Бала – артта қалар із, бұл өмірдің қызығы – Сіз бен Біз» деген сөзінің тұтас өмірлік философия екенін, өмірдің мәні де, сәні де сыйластықта екенін әр клеткаммен сезіндім. ...баршаңызға мың қайтара алғыс айта отырып, бір-біріміздің тілеуімізді тілеп, денсаулықтың қадірін біліп, бір-бірімізді шын көңілмен құрметтей білейікші дегім келеді. Бар болыңыздар!

 

РКС: Асыл ерінен айырылған отбасына, жанашыр ұлынан көз жазып қалған Алаш жұртына «Көкше» телеарнасы ұжымының атынан қайғыра көңіл айтамыз.

 

ЕРДІГҮЛ ДӘДІБАСҚЫЗЫ,  АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, «КӨКШЕ-АҚПАРАТ»

Тақырып бойынша материалдар

СТУДЕНТТЕРДІҢ ЖАҢА ӘЛЕМДІ АШУҒА МҮМКІНДІГІ БАР
19:20, 26 қазан 2020
СТУДЕНТТЕРДІҢ ЖАҢА ӘЛЕМДІ АШУҒА МҮМКІНДІГІ БАР
Толығырақ...

Танымал жаңалықтар

ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІКТЕРДЕ САНИТАРЛЫҚ ТАЛАПТАР САҚТАЛМАЙ ОТЫР
18:22, 23 қазан 2020
ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІКТЕРДЕ САНИТАРЛЫҚ ТАЛАПТАР САҚТАЛМАЙ ОТЫР
Толығырақ...
23  ҚАЗАН - ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ ЖҮЙЕСІ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ КҮНІ
18:24, 23 қазан 2020
23 ҚАЗАН - ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ ЖҮЙЕСІ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ КҮНІ
Толығырақ...