ШҰҒЫЛ! COVID-19: 5 БАЛА АУРУХАНАДА ЖАТЫР Толығырақ

АПАТТЫ ҮЙДІҢ ӘЛЕГІ БІТЕР ЕМЕС...

18:20, 15 қаңтар 2020

Баяғы жартас – сол жартас... Сонау 1994 жылы апатты деп танылған Вернадский көшесінің бойындағы 11-ші үйдің мәселесінің түйіні әлі де шешілер емес. Шынжыр құрсауға алынған үйден әбден титыққан тұрғындар қала әкімдігіне наразылықтарын білдіруде. Тағы да сараптама жасауды талап ететін үй нақты түрде апатты деп танылса, онда оның тұрғындары жалдамалы пәтерге көшірілмек. Ал, мұндай шешімге ашынған тұрғындар кейін жекешелендіруге жатпайтын пәтерлерден бас тартуда.

 

Көкшетау қаласы әкімдігінің ұйытқы болуымен өткен жылдың 31 желтоқсанында Вернадский көшесінің бойындағы 11-ші үйге сараптама жасалды. Қорытынды шешімді «Эксперт Строй Инжиринг» компаниясы шығарып берген. Ол үшін облыс бюджетінен қаржы да бөлінді. Нәтижесінде, үйдің іргетасы апатты жағдайға сәйкес келген. Ол дегеніміз, жарамсыз жерлерін ретке келтірмейінше, тұрғын үй пайдалануға жатпайды.

АМАНГЕЛДІ СМАЙЫЛОВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Сараптамашы Прокопенкомен кездестім. Оның айтуынша, толық шешім шығару үшін тиянақты сараптама жүргізу қажет. Мені де үйдің толық жағдайы алаңдатады. Сараптаманы аяғына дейін жүргізу қажет. Сол кезде ғана толыққанды шешімге келіп, әрі қарай не істеуге болатынын айта аламыз.  

Қала тұрғындарының сөзінше, аталмыш жиынға дейін қала әкімінің орынбасары келіп, тұрғын үйді апатты деп танылғандығын жеткізген. Әрі тұрғындарға жалдамалы пәтерлер берілетінін айтқан.

ҚАЛА ТҰРҒЫНДАРЫ

2002 жылы сараптама жасалды. Сосын 2013 жылы қайта монтаждау сараптамасы жүргізілді. Одан кейін 2017 жылы тағы да сараптама жасалды. 2019 жылы да дәл солай болды. Сіз мені кешіріңіз, бұл сараптама жұмыстары не үшін керек? Күні бүгінге дейін сол сараптамашылар немен айналысып келген? Бұл бейшара үйді қаншалықты сараптауға болады? Бізді мазақ етуді қашан қоясыздар?  Сіздің орынбасарыңыз Шабаров мырза келіп өзі айтты. Үй апатты деп танылды. Ертең акт әкелемін. Соған қол қойыңыздар деп. Қане сол акт?

Менің бір сұрағыма жауап беріңізші. Үйге қайта жөндеу жүргізіп, шынжырмен қоршағанда тұрғындарды неге қайта кіргізген? Сіздерге үйдің жарамсыз екені белгілі болды емес пе? Сонда да пәтерлер 9 миллионнан сатылды. Енді неге біз сол ақшаларды жай ауаға шашып, жекешелендіру құқығынсыз, тіркеуге тұру мүмкіндігінсіз жалдамалы пәтерлерге көшуіміз керек?

94 жылы апатты деп танылған үйден тұрғындар көшірілген кезде  15 пәтерде тұрғындар қалып қойған.  Содан 96 жылы бізді кіргізді. Апатты жағдайдағы үйдің мәселелері шыға бастағанда 2007 жылдан бастап біз Президент аппаратына өтініштер жаза бастадық. Оның барлығын мына қағаздарымнан көрсетіп, оқып бере аламын. Дегенмен, бұл деректердің барлығын зерделеуді қажетсінген қала әкімі өткен жылдың 31 желтоқсанында шығарылған сараптамалық шешімді аяғына дейін жеткізу үшін 1 ай уақыт беруді сұрады.  

АМАНГЕЛДІ СМАЙЫЛОВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Жалдамалы пәтерлерде тұрмаймыз деп бүкіл елге жар салдыңыздар. Сондықтан, біз сіздерді үйсіз қалдырамыз деп отырғанымыз жоқ. Мына сараптама жұмысын аяғына дейін жеткізейік. Орынбасарым Шабаров та сіздер үшін қобалжиды. Апатты деп танылса, сіздерге жалдамалы пәтерлер беріледі дегенге мұндай шу шығатынын ол да күтпеген еді. Енді, 31 желтоқсаннан бастап уақыт санай беріңіздер. 30 күннен кейін мен өзім сіздерге келіп, сараптама шешімін айтамын. Әрі қарай не істеу керек, қандай жұмыстар жүргізіледі бәрін хабарлайтын боламын.

Осылайша, қала әкімінің алдында көтерілген мәселелер жауапсыз қалмасына сенген тұрғындар шынжыр құрсауға алынған үйдегі пәтерлеріне бір үміт, бір күдікпен тарқасты.

Авторы: Айгүл Бекетқызы, Операторы: Павел Соловьев

Тақырып бойынша материалдар

АУЫЛ ПОЛИЦЕЙЛЕРІНІҢ  ТЕХНИКАЛЫҚ МҮМКІНДІКТЕРІ
17:58, 21 қазан 2020
АУЫЛ ПОЛИЦЕЙЛЕРІНІҢ ТЕХНИКАЛЫҚ МҮМКІНДІКТЕРІ
Толығырақ...

Танымал жаңалықтар

КОРОНАВИРУСТЫҚ ИНФЕКЦИЯНЫҢ АЛДЫН АЛУҒА ДАЙЫНДЫҚ КҮШЕЙТІЛДІ
19:21, 14 қазан 2020
КОРОНАВИРУСТЫҚ ИНФЕКЦИЯНЫҢ АЛДЫН АЛУҒА ДАЙЫНДЫҚ КҮШЕЙТІЛДІ
Толығырақ...