ШҰҒЫЛ! КОРОНАВИРУСТЫ ҚАЙТА ЖҰҚТЫРУ ДЕРЕГІ ОБЛЫС АУМАҒЫНДА ТІРКЕЛГЕН ЖОҚ Толығырақ

АРҚАНЫҢ «АЙБОЗЫ» ДҮНИЕДЕН ӨТТІ

18:44, 30 маусым 2020

 

ДИКТОР: Көкше жұрты қара жамылды. Кешегі Ақан сері, Біржан сал,  Үкілі Ыбырайдың жалғасы, дәстүрлі әнші Қажыбай Жахин 54 жасында дүниеден озды. Бар ғұмырын қазақтың саф өнеріне арнаған саңлақ әншінің қазасы дүйім жұрттың қабырғасын қайыстырды.

Ест.шум. Біржан сал «Теміртас» (орын. Қ.Жахин)

Құрбыларға дұғай сәлем батасын оқи берсін, маған арнап...

РКС: Сал-серілердің ізін басып, дәстүрін жалғаған дарабоз әнші Қажыбай Жахин ұлтының ерке ұлы еді. 1966 жылы бұрынғы Қызылту ауданына қарасты Чапай деген шағын ауылда дүниеге келген. Әкесі Бадық пен анасы Зәмзәмия елді аузына қаратқан дүлдүл әншілер болатын. Қажыбайдың өзі қолына домбыраны үш жасында ұстаған.  Көкшетау қаласындағы Біржан сал атындағы өнер училищесіне конкурстан тыс қабылданады. 1986 жылы Алматыда дәстүрлі әншілер байқауына «Айбозым» әнімен қатысып, Қайрат Байбосыновтың көзіне түседі.

БЕЙНЕҚОР: СНХ: ҚАЖЫБАЙ ЖАХИН, ДӘСТҮРЛІ ӘНШІ: //қазақша// Конкурсқа қатысайын деп тұрып, студияның алдында «Айбозымды» айтып қалмаймын ба? Біз мезгілде, студия екі-ақ этаж, әйнек ашылды да, бір аға «жаңағы Айбозымды кім айтты?» деді. Форточкадан. Жаңағы бала, Көкшетаудан келген бала «Айбоз» дейді, атымды білмей «Айбоз» деді маған. + Скл Қайрат ағаның алдында ән айту арман ғой, ол кезде ұялу жоқ домбыраны тартып-тартып жіберіп «Айбозымды» айттым. Қайрат аға «тағы айт!» деді, айттым.

РКС: Біржанның сол кезде жаңа табылған әнінің құдіретін биіктете шырқаған, дауысы Сарыарқаның самалындай ескен, жезтаңдай әнші «Айбоз» аталып кетеді. Бірден Жүсіпбек Елебеков атындағы өнер студиясына оқуға қабылданады. Алматы өңірі талантты туманы өз ортасында алып қалғысы келсе де, ол киелі Көкше өңіріне қайта оралады. Өзінің ұлттық өнер алдындағы миссиясын мүлтіксіз орындайды. «Енді Көкшенің әнін Қажыбайдай кім шырқайды?» деп күңіренді Жабал Ерғалиев өзінің әлеуметтік парақшасында.

(Жабал Ерғалиев фейсбук парақшасынан): Қажыбай кез келген әнді Сарыарқаның еркін соққан самалындай кейде желпіндіріп, кейде еркелетіп,кейде ойнатып айтатын. Қажыбайдың күміс көмейінен төгілер ән кербез Көкшенің Оқжетпесіндей кейде асқақтап, өзі туып-өскен Көксеңгірдің желмен ойнаған шашақты көдесіндей кейде бір желпініп, тағы да кейде бір қайран да, қайран Көкшетаудың сексен көлінің толқыны болып кез келген тыңдаушысының жүрегіне ақ көбік болып шашылатын еді.

СНХ: ЕРТАЙ ЖҰМАЖАН, ДОСЫ: //қазақша// Ақкөңіл, ақжарқын, айтады ғой аңқылдақ. Осы өмірде Қажыбай біреуді ренжітті, Қажыбай біреуге ауыр сөз айтты дегенді естімеппін. Тек қана бауырым, туысым, ағам, елім деп тұратын азамат еді.

СНХ: САЯН МҰХАМЕДИЯРОВ, БІРЖАН САЛ АТЫНДАҒЫ МУЗЫКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: //қазақша// Қажы ағам – саңлақ әнші, сахнаның саңлағы, Алаштың дарабозы, еліміздің серісі. Қажыағам туралы көп нәрсе айтуға болады. Аңғалдығы, момындығы,  бала сияқты көңілі. Бүгін ағамыздан айырылып жатырмыз, жатқан жері жайлы болсын! Қабырғамыз қайысады. Ағамыздың сыймай кеткеніне қапаланамыз...

РКС: Кезінде Польшаның астанасында дәстүрлі әнді әуелетіп, Елбасының алдында ән шырқап, өнеріне тәнті еткен. Кәкімбек Салықовтың өзі «Мен көрдім Көкшетауда Қажыбайды, Ән салса таң атқанша қажымайды», - деп жыр арнаған. Дархан даланың төсінде дүбірлеп өткен дүлдүл әншінің артында жары, балалары қалды. Көкше телеарнасының ұжымы атынан қаймана Көкше жұртына қайғыра көңіл айтамыз.

Ест.шум. Ақан сері «Балқадиша» (орын. Қ.Жахин) Құшақтап құс жастықты, уа шіркін, жылағаным – ай...

ЕРДІГҮЛ ДӘДІБАСҚЫЗЫ, АБЗАЛ БАЛТАБАЕВ, АЛМАС САДУАҚАСОВ, «КӨКШЕ-АҚПАРАТ»

Тақырып бойынша материалдар

Қ.ТОҚАЕВ МИНИСТРЛЕР МЕН ӘКІМДЕРДІ СЫНҒА АЛДЫ
20:30, 10 шілде 2020
Қ.ТОҚАЕВ МИНИСТРЛЕР МЕН ӘКІМДЕРДІ СЫНҒА АЛДЫ
Толығырақ...

Танымал жаңалықтар

КӨПҚАБАТТЫ  12 ТҰРҒЫН  ҮЙ   ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ
20:15, 7 шілде 2020
КӨПҚАБАТТЫ 12 ТҰРҒЫН ҮЙ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ
Толығырақ...