БӘЙТЕРЕКТЕЙ БӘЙКЕН АҒА!

Жастайынан әкесінен айырылып, тағдырдың тауқыметін бастан өткерген.

16:23, 10 тамыз 2017   117

Бәйкен Әшімұлы 1917-ші жылы дүниеге келді. Жастайынан әкесінен айырылып, тағдырдың тауқыметін бастан өткерген. Дегенмен, оған қарамастан, ол өзінің талабымен Қызылжардағы ауылшаруашылығы техникумын бітіреді. Кейіннен әскер қатарында болды. 1942-45-ші жылдары екінші дүниежүзілік соғысқа қатысады. Майдан шебінде жарақаттар алған. Соғыс аяқталғаннан кейін, елге оралып, халқы үшін қызмет атқарды. Өзінің мамандығы бойынша, алғашқы уақыттары ауылшаруашылығы саласында еңбек етіп, кейіннен Көкшетау облысының 2-ші хатшысы болған. Оның көзін көрген жандар адамдық қасиетінің жоғары болғанын айтады.

Бәйкен Әшімұлы Қазақ КСР Министрлер Кеңесін 14 жыл бойы басқарды. Сол уақыт ішінде  Қазақстанда үлкен өзгерістер орын алды. Өнеркәсіп, ауылшаруашылығы мен құрылыс салалары қарқынды дамыды. Медицина саласы да жандана түсті. Жаңа ғимараттар бой көтерді. Халықты толғандырған мәселелер біртіндеп шешімін тапты. Бәйкен Әшімов елімізде өндіріс ошақтарын салғызуға да елеулі еңбек сіңірді. Ардақты жанның халқына деген адалдығының нәтижесі болар, қазір Алматы қаласында Бәйкен ағаның атындағы мешіт, көше бар. Сонымен қатар, жақында ғана Солтүстік Қазақстан облысында ардақты азаматтың құрметіне ескерткіш ашылды.

Болат Жанәділов ағамыз Бәйкен Әшімовты соңғы рет 90 жылдығына арналған мерейтойда көрген. Астанадағы Күләш Бәйсейітова атындағы театры өткен шарада  Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев оған «Отан» орденін таққан. Ал, Бәйкен Әшімов өз сөзінде Елбасымызға халқымыздың тағдырын аманаттап кеткен екен.

Қазақтың асыл азаматы, алып тұлға Бәйкен Әшімұлы Әшімов 2010-шы жылы 5-ші ақпанда 93 жасына қараған шағында дүниеден озды. Оның есімі, сіңірген еңбегі, жасаған жақсылығы мен асыл қасиеттері халық жадында мәңгіге қалды.

Нұргүл Нұрбайқызы

«Қазақстан-Көкшетау» телеарнасының ресми сайты

020000, Ақмола облысы, Көкшетау қаласы, Куйбышев көшесі, 19 үй Байланыс телефондары: 8 (716 2) 40-13-75