Чемпионның өліміне қатысты тергеу жүріп жатыр

Пауэрлифтингтен әлем чемпионы Евгений Галузинский мен оны өлтірген күдікті бір-бірін мүлдем танымайтын болып шықты.

18:57, 18 наурыз 2017   253

Пауэрлифтингтен әлем чемпионы Евгений Галузинский мен оны өлтірген күдікті бір-бірін мүлдем танымайтын болып шықты. Бұл жөнінде Ақмола облыстық Ішкі істер департаментінің өкілдері мәлімдеді. Айтуларынша, қайғылы оқиға болған түні екеуі де мас болған. Сондай-ақ, күдіктінің түсініктемесі мен бейнетаспаға түсіп қалған жазбалар бойынша, Евгенийдің өзі бірінші жұдырық жұмсағаны белгілі болды. Еске сала кетейік, біз бұған дейін Көкшетауда жас спортшы, әлем чемпионатының жүлдегері Евгений Галузинскийдің төбелес кезінде пышақ жарақатынан көз жұмғанын хабарлаған болатынбыз. Қазіргі күні тергеу амалдары жүріп жатыр.

Мамандардың айтуынша, әлем чемпионы Евгений Галузинскийдің өлімі оның спорттық мәртебесіне немесе отбасына қатысы жоқ. Яғни, қылмыстық іс арнайы жоспарланбаған. Белгілі болғанындай, 13-ші наурыз күні түнгі сағат 2-лер шамасында Саин көшесінің бойында досымен бірге келе жатқан Евгенийдің иығы қарсы алдынан шыққан бір топ баланың бірінің иығына тиіп кетеді. Содан арада дау туындайды. Соңы жаппай төбелеске ұласып, күдікті Евгенийдің бірнеше жерінен пышақ салып алады. Ауыр жарақатының салдарынан, ол бірден көз жұмған. Қазір спортшыны өлтірген Көкшетау қаласының 18 жастағы тұрғыны, колледж студенті құрықталды. Ол адам өлтіргені, ал төбелеске қатысқан қалғандары бұзақылығы үшін жазалатын болады.

Десе де, мамандар чемпионның өміріне қатысты шындықтың шетін шығарды. Белгілісі, Евгений 2016-шы жылы ұрлық жасағаны үшін істі болған. Кейіннен жәбірленушімен татуласып, қылмыстық іс жабылған. Ол мұндай әрекетін ағымдағы жылдың ақпан айында тағы да қайталап, ұрлық жасауға оқталады. Дегенмен, қазір оның өліміне байланысты қылмыстық іс тоқтатылды.

 

Нұргүл Нұрбайқызы, Арман Балбергенов

«Қазақстан-Көкшетау» телеарнасының ресми сайты

020000, Ақмола облысы, Көкшетау қаласы, Куйбышев көшесі, 19 үй Байланыс телефондары: 8 (716 2) 40-13-75