ӘЛЕМНІҢ ЖАРЫҒЫН, СЫЙЛАДЫҢ СЕН МАҒАН...

Көкшетауда мектеп оқушылары мен колледж студенттері арасында «Анаға тағзым» тақырыбында шығармашылық байқау өтті.

16:39, 19 мамыр 2017   79

Көкшетауда мектеп оқушылары мен колледж студенттері арасында «Анаға тағзым» тақырыбында шығармашылық байқау өтті. Жастардың бойында аналарына деген құрмет сезімін қалыптастыру, дамыту мақсатында өткен байқауды Көкшетау қаласының құрметті азаматы, еңбек ардагері Болат Көшімбаев ұйымдастырды.

Ана – ардақты есім, дүниедегі ең ардақты жан. Ол – әлемдегі барша ізгілік пен мейірімнің, парасат пен тағылымның көрсеткіші. Сондықтан «Анаға тағзым» тақырыбында өткен шығармашылық байқауға қатысуға ниет білдіргендер қарасы көп болды. Жастар аталмыш байқауда бойларындағы бар өнерлерін ортаға салуға тырысты. Аналарына деген ыстық сезімдерін бірі әнмен, енді бірі өлең-жырларымен  білдіргісі келді. Жалпы, байқау 4 аталымнан тұрды. Бұл ән, би, музыкалық аспаптарда ойнау және өлеңді мәнерлеп оқу.

Болат Көшімбаевтың жастар арасында шығармашылық байқауды ұйымдастырудағы басты мақсаты өзінің анасы мен 50 жылдан аса отасқан жан жары Тілеулес Өтеуліқызының рухына тағзым ету. Сондай-ақ, жастардың бойында аналарына деген құрмет сезімдерін тәрбиелеу болды, -дейді.

Жас өнерпаздар арасында аналарына арнап өлең-жыр жазып, ана образын жан-жақты ашуға тырысқандар да болды. Ал жас ақын қыз Еркежан Ахметбекова болса, Тілеулес Өтеуліқызына арнау жазған. Өйткені, оны ізгіліктің нұрын төккен ананың өмір жолы тәнті еткен.

Байқауға қатысқан барлық қатысушыларға бағалы сыйлықтар табыс етілді. Шығармашылық байқаудың іріктеу бөлімінен өнерімен озып, жүрек қылын тербетер жырларымен қазылар алқасын тәнті еткен 20 жас өтті. Енді олар тамыз айында өтетін ақтық сында өнер көрсететін болады.

 

Бибінұр Әмірханқызы, Марат Ахметжанов

 

«Қазақстан-Көкшетау» телеарнасының ресми сайты

020000, Ақмола облысы, Көкшетау қаласы, Куйбышев көшесі, 19 үй Байланыс телефондары: 8 (716 2) 40-13-75