ШҰҒЫЛ! COVID-19: 5 БАЛА АУРУХАНАДА ЖАТЫР Толығырақ

КӨКЕН ШӘКЕЕВ МУЗЕЙІ АШЫЛДЫ

18:22, 15 қаңтар 2020

№3 Красный Яр көпсалалы мектеп-гимназиясында қазақтың қабырғалы ақыны, «Көкшенің көк нөсері» атанған айтыскер ақын Көкен Шәкейұлының музейі  ашылды. Мұражайды ашудағы басты мақсат қазақтың айтыс өнеріне жаңалық болып келген ақын мұраларын жинақтап, оны жас ұрпаққа насихаттау. Салтанатты шараға жергілікті зиялы  қауым өкілдері мен ақынның  туған-туысқандары қатысты.

13 жасынан қолына қара домбырасын алып топқа түскен Көкен Шәкейұлының есімі айтыс аламанының тарихында алтын әріптермен жазылған. Ең алғаш 1987 жылы халықаралық жыр додасында топ жарып, тұңғыш   қазақтың халық ақыны атанады. Артынша 1990 жылы Қазақстан ақын және жыршылар қоғамының президенті болып тағайындалған. Көкен ақынның шәрбат жырлары мен кесек ойларын бар қазақ әсте ұмыта қойған жоқ. Аталмыш музейдің негізін қалаушыларды бірі - ақынның төл шәкірті, айтыскер ақын, облыстық Мәлік Ғабдуллин музейінің директоры Құдайберлі Мырзабек.

ҚҰДАЙБЕРЛІ МЫРЗАБЕК, М.ҒАБДУЛЛИН МУЗЕЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ

 Өткен жылы Мәлік Ғаблуллин музейіне күрделі жөндеу жұмыстары жасалып, залдарға жаңа қондырғылар қойылған. Ал бізде бұрын тұтынуда болған витриналардың барлығын ешқайда шашпай-төкпей іске жаратып, Красный Ярдағы № 3 мектепке және қаладағы № 18 мектептерге бөліп бердік. Біреуінде Қазақстанның халық ақыны Көкен Шәкеевтің, екіншісінде Қазақстанның халық жазушысы Сәкен Жүнісовтың музейін ашуға кірістік. Ал ол музейді 1 ақпан Сәкен ақынның туған күнінде ашамыз деп жоспарлап отырмыз.

Қазіргі таңда мұражайға 300-ге жуық құнды жәдігер қойылған. Ол ақынның жыр жинақтары, фотосуреттері мен өзінің тұтынған заттары. Сонымен қатар, ақынның айтыстан алған жүлделері мен алғыс хаттары да қойылған. Ол жәдігерлерді музейге ақынның кенже қызы Зайра Шәкеева табыстаған.

ЗАЙРА ШӘКЕЕВА, КӨКЕН ШӘКЕЕВТЫҢ ҚЫЗЫ

Бүгін міне әкеміздің 95 жылдығына орай Мәлік Ғабдуллин музейі мен № 3 орта мектеп бірлесе музей ашып жатыр. Өте ризамыз.++Әкеміздің өмірден өткеніне 20 жыл уақыт болыпты. Көп құжаттарды облыстық өлкетану музейіне тапсырдық. Ал осы музейге домбыра, шапаны мен бөркін және айтыстан алған жүлделі сыйлықтарын табыстадық.

Шара барысында Көкен Шәкеев атындағы жас ақындар мектебінің шәкірттері шағын айтыс ұйымдастырып, сахна көрігін қыздырды. Айта кету керек, 2017 жылдан бастап  қайта  жаңғырған ақындар мектебінде бүгінде  20-дан астам шәкірт білім алуда. Жетістіктеріде көңіл қуантады.

МҰХАММЕД ҚОНҚАЕВ, КӨКЕН ШӘКЕЕВ АТЫНДАҒЫ АҚЫНДАР МЕКТЕБІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ

Елге белгілі ақындарды шақырып шеберлік сағаттарын өткізу, шәкірттерді үлкен айтыс сахнасына шығару. Ақындар мектебіне Неке сарайы ғимаратынан іші толық жабдықталған арнайы бөлме бөлінді.

Ақын есімі –халық жадында. Ақынның өткен өмірін бағамдап білу үшін осындай музейлердің таптырмас рухани орын екендігі даусыз. Ал, ұйымдастырушылар алдағы  уақытта  музей басқа да жәдігерлермен толығады деген үмітте. Музей есігі тек мектеп оқушыларына ғана емес,  жергілікті тұрғындарға да айқара ашық. 

АБЗАЛ БАЛТАБАЕВ, ДАРХАН САҒЫН, АБАЙ ТӨЛЕГЕН, КӨКШЕ АҚПАРАТ

 

 

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар