ШҰҒЫЛ! ҚҰТҚАРУШЫЛАР – ХАЛЫҚ ҚОРҒАНЫ Толығырақ

КӨШЕ ШАМДАРЫ ҚУАТ ҮНЕМДЕЙТІН ЖОҒАРЫ ТЕХНОЛОГИЯЛЫ ШАМДАРҒА АУЫСТЫРЫЛМАҚ

20:31, 9 қазан 2019

Облыс бойынша 4 елдімекеннің көшелерін қуат үнемдеуші шамдармен жарықтандыру жобасы қолға алынбақ. Облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың қатысуымен өткен жиында аталмыш жобаны мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Бұл арқылы Көкшетау, Щучинск қалалары мен Зеренді, Бурабай аудан орталықтарындағы көше шамдары қуат үнемдейтін жоғары технологиялы шамдарға ауыстырылмақ. Жоба іске асса, көшелерді жарықтандыруға жұмсалатын шығын 35 пайызға дейін азаяды деп күтіледі. 

Облыс орталығы көшелерінің қазіргі жарықтандыру жүйесі энергияны жұмсау жағынан аса тиімді емес. Басым бөлігінің тозығы жеткен. Осыған орай, облыс әкімдігі Көкшетау қаласы мен Зеренді және Бурабай аудандарының орталықтарын жарықтандыру ісін жаңғыртпақ.

ЕРМЕК МАРЖЫҚПАЕВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ  

Облыс аумағында жарық шамдарын шығаратын кәсіпорын бар болса да, бізде бүгінде қалалар мен аудан орталықтарын жарықтандыру бойынша біраз мәселелер туындап отыр. Сондықтан бірінші кезекте, шам шығаратын өндіріс ошағының қуатын арттыруымыз керек, яғни, тапсырыс беруіміз керек. Екіншіден, көшелерімізге сапалы шамдар орнатып, жарықтандыру мәселесін мықтап қолға алуымыз қажет. Бұл мәселелерді қазірде біз Көкшетау қаласы мен Бурабай, Зеренді аудандары бойынша шешіп алуымыз керек. 

Әкімдік көшелерді жарықтандыруды жаңғырту жобасын мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында шешуді қолға алмақ. Бұл бір оқпен екі қоянды атқанмен тең. Яғни, біріншіден, бюджет қаржысы үнемделеді, екіншіден, тапсырыс беру арқылы жергілікті өнім өндірушіге қолдау көрсетіледі. Бүгінде бұл жобаны «Аtbasar Тechnopark» серіктестігі жүзеге асыруға дайын. Кәсіпорын көше шамдары мен кеңсеге арналған шамдарды шығарады, сонымен қатар ұзақ жанатын қазандықтар сияқты басқа да металлқұрастырылымдар өндіреді.

АЙЖАРҚЫН УӘЛИЕВ, «ATBASAR TECHNOPARK» СЕРІКТЕСТІГІНІҢ ДИРЕКТОРЫ

Компанияның нарыққа шыққанына 5 жыл болды. Осы уақыт аралығында ауқымды жұмыстар атқарылды. Кәсіпорынның өндіріс қуаты жақсы. Жылына 70 мың көше шамдарын, 250 мың кеңсе шамдарын шығарамыз. Яғни, біз шығаратын 70 мың шам Нұр-Сұлтан қаласын жарықтандыруға жетеді. Шамдарымызға 5 жыл кепілдік береміз. 

Ағымдағы жылы облыс бойынша 100 шақырымға жуық көшелерді жарықтандыру жүйесі жаңғыртылып, қуат үнемдеуші шамдарға ауыстырылады деп жоспарланып отыр. Жыл басынан бұл мақсатқа бөлінген қаржының 130 миллион теңгесі игерілген. Сөйтіп, 66 шақырымды құрайтын желі жаңартылған. Ал, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында көшелерді жарықтандыру жобасы қолға алынатын болса, тек қана Көкшетау қаласы бойынша 23 миллион теңгеге жуық бюджет қаржысы үнемделеді деп күтіледі.

БИБІНҰР ӘМІРХАНҚЫЗЫ, ЕРМЕК МАХМЕТОВ КӨКШЕ АҚПАРАТ

Тақырып бойынша материалдар

​АЛДАҒЫ АПТАДА АУА РАЙЫ  ҚҰБЫЛМАЛЫ  БОЛАДЫ
19:49, 18 қазан 2019
​АЛДАҒЫ АПТАДА АУА РАЙЫ ҚҰБЫЛМАЛЫ БОЛАДЫ
Толығырақ...

Танымал жаңалықтар

ГЕРОИН САУДАСЫМЕН АЙНАЛЫСҚАН ОТБАСЫ ҚҰРЫҚТАЛДЫ
15:04, 14 қазан 2019
ГЕРОИН САУДАСЫМЕН АЙНАЛЫСҚАН ОТБАСЫ ҚҰРЫҚТАЛДЫ
Толығырақ...