
ДИКТОР: Салалық министрлік білім беру ұйымдарына апаруға болмайтын заттар тізімін бекітеді. Бұл норма оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді күшейтуге бағытталған. Мемлекет басшысы «Білім» туралы заңнамаға тағы бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізіп, қол қойды. Толығырақ Айсәуле Съезбектің бейнематериалында.
РКС: Енді әр бес жыл сайын балабақшалар, мектептер мен колледждер мемлекеттік аттестаттаудан өтеді. Басты мақсат - білім беру ұйымдарындағы түйіткілді мәселелерді айқындап, оларды жоюға нақты ұсыныс беру. Мониторингке ата-аналар, оқушылар мен педагогтер де қатысады. Заңнамадағы жаңа норманың бірі – оқу бағдарламаларын енгізбес бұрын міндетті тексеруден өткізу механизмі.
ИНФОГРАФИКА: АСХАТ АЙМАҒАМБЕТОВ, ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРІ: Енді оқу процесіне жаңа бағдарламаны енгізу үшін алдымен міндетті түрде сараптама, кейін апробация жүргізіледі. Осылайша орын алуы мүмкін кемшіліктер анықталатын болады. Бұл өте маңызды норма, жаңа оқу бағдарламаларын енгізуге байланысты жұмыстарда асығыстық жасамау керек.
РКС: Сонымен қатар, оқулықтардың сапасы мен бірізділігін қамтамасыз ету үшін министрліктің осы бағыттағы құзіреті кеңейтілді. Төтенше жағдайдан туындаған «қашықтан оқу» форматы да заңдастырылды. Яғни, қашықтан білім берудің нақты талаптары айқындалады. Балаларға қосымша білім беруде мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің тиімділігі пайдаланылмақ.
ИНФОГРАФИКА: АСХАТ АЙМАҒАМБЕТОВ, ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРІ: Енді мемлекеттік тапсырыс мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жекеменшік ұйымдарда да орналастырылатын болады. Бұл мемлекет тарапынан үлкен шығындарды қажет етпей-ақ балалардың секцияларға, үйірмелерге және басқа да дамыту орталықтарына баруына қатысты мәселелерді кезең-кезеңімен шешуге мүмкіндік береді.
АЙСӘУЛЕ СЪЕЗБЕК, ШОҚАН ТӘУКЕЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ