ОБЛЫСТА СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚТЫҢ 33 ДЕРЕГІ ТІРКЕЛГЕН

Ағымдағы жылдың 1-ші тоқсанында Ақмола облысы бойынша 33 сыбайлас жемқорлық дерегі тіркелген. Айта кетейік, жаңа заңға сәйкес енді жемқорлық әрекет жасағандар қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

22:45, 19 мамыр 2017   314

Ағымдағы жылдың 1-ші тоқсанында Ақмола облысы бойынша 33 сыбайлас жемқорлық дерегі тіркелген. Айта кетейік, жаңа заңға сәйкес енді жемқорлық әрекет жасағандар қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Мәселен, үстіміздегі жылдың 3 айы ішінде теріс қылықтары үшін 29 мемлекеттік қызметші жұмыстарынан босатылған, оның 22-сі құқық қорғау органдарының қызметкері. Бұл туралы өңір басшысы, «Нұр Отан» партиясы Ақмола облыстық филиалының төрағасы Мәлік Мырзалинннің қатысуымен өткен Саяси кеңес бюросының отырысында белгілі болды. Облыс әкімі сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу мақсатында нақты ұсыныстар әзірлеп, қайта бас қосу керектігін айтты.

Саяси кеңес бюросының отырысына мемлекеттік орган өкілдері, партияның облыстық және аумақтық филиалдарының төрағалары қатысты. Күн тәртібіндегі басты мәселе – «Нұр Отан» партиясының жемқорлықпен күрес жөніндегі бағдарламасының орындалу барысы. Жалпы, бүгінде облыстағы сыбайлас жемқорлық деңгейі өткен жылдың ағымдағы мерзімімен салыстырғанда 61 пайызға төмендеп отыр. Өткен жылы 85 дерек тіркелсе, биыл теріс әрекетке жол берген 33 дерек анықталған. Партия өкілдері тарапынан да заңбұзушылық әрекетке барғандар жоқ емес. Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық та өршіп тұр. Жыл басынан 46 қылмыстық іс қозғалған.

Облыс әкімі сыбайлас жемқорлықты болдырмау мақсатында қандай да бір нақты шаралар қабылдау қажеттігін айтып, бұл мақсатта тағы бір басқосу керектігін жеткізді.

Отырыста сондай-ақ, Ұлттық қордан бөлінетін қаржының тиімді және орынды жұмсалуын қамтамасыз ету мақсатында құрылған комиссияның жұмысы тілге тиек етілді. Өткен жылы 17 жобаның орындалуына 6,5 миллиард теңге бөлінген болатын, бұл қаражат 100 пайыз игерілген. Ал биыл 4,2 миллиард теңгенің 4 жобасын жүзеге асыру жоспарланып отыр. Оның орындалуы партияның жанынан құрылған арнайы комиссияның жіті қадағалауында тұр.

Саяси кеңес бюросының отырысын қорытындылаған өңір басшысы партияның барлық аймақтық құрылымдары үшін маңызды деген міндеттерді орындауды тапсырды.

 

Бибінұр Әмірханқызы, Василий Вережников

 

 

«Қазақстан-Көкшетау» телеарнасының ресми сайты

020000, Ақмола облысы, Көкшетау қаласы, Куйбышев көшесі, 19 үй Байланыс телефондары: 8 (716 2) 40-13-75