БІЗДІҢ МАЛАХОВ – 90 ЖАСТА!

Тоқсанға табан тіреген тау тұлғалы азамат Геннадий Иванович Малахов саналы ғұмырын спорт пен ұстаздыққа арнады.

17:23, 20 сәуір 2017   329

Тоқсанға табан тіреген тау тұлғалы азамат Геннадий Иванович Малахов саналы ғұмырын спорт пен ұстаздыққа арнады. Талай балуан мен ауылшаруашылығының орта буын мамандарына дәріс берген бапкер ұстаз Зеренді ауданындағы Шағалалы агробизнес колледжінен зейнеткерлікке шықты. Сондықтан болар, аталмыш білім ошағының ұстаздары мен студенттері қазыналы қарияны жиі қонаққа шықырып, кездесулер өткізіп тұрады.

Бапкерлік пен ұстаздықты құстың қос қанатындай қатар алып жүрген Геннадий Иванович Малахов өзін мерейтойлық кешке шақырғанда, қыранша қомданып, бойын қуаныш билеп, асыға жетті. Қырық жылға жуық еңбек еткен Шағалалы агробизнес колледжінің акт залы бүгін тіптен көріктеніп кеткен. Студент жастар аңызға айналған балуан әрі ұстазды қошеметпен қарсы алды.

Кешегі Кеңес кезеңінде ауылшаруашылығының орта буын мамандары арасынан классикалық күрестен ондаған спорт шеберін, жүздеген спорт шеберлеріне үміткерлерді даярлап шығарған Геннадий Малаховтың мерейі үстем қашан да.

Геннадий Малаховтың бойында азаматтық қасиетпен қатар тылсым сырларға толы  хоббилер де жеткілікті дейді оны жақсы білетін жандар.

Ұзақ жылдар дене тәрбиесі пәнінен сабақ беріп, студент жастарды күрес өнеріне баулып, талай талантты ұландарды қанаттандырған Геннадий Малаховтың құрметіне Шағалалы агробизнес колледжінің балуандары ашық турнир өткізді. Ардагер ұстаз, білікті бапкер желкілдеп өсіп келе жатқан балуан ұлдардың шыныққан шеберлігі мен бұлқынған бұла күшіне қуанып, аталық батасын берді.  

 

Қалымбек Мұхамеджанов, Дархан Сағын

«Қазақстан-Көкшетау» телеарнасының ресми сайты

020000, Ақмола облысы, Көкшетау қаласы, Куйбышев көшесі, 19 үй Байланыс телефондары: 8 (716 2) 40-13-75