Өңірдегі білім беру мекемелеріндегі оқушыларды Отансүйгіштікке тәрбиелейтін, Отан алдындағы жауапкершілік сезімін қалыптастыруда зор үлестерін қосатын алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімдері «Біз Отанды қорғауға дайынбыз» атты сайысқа түсті.
Өңірдегі білім беру мекемелеріндегі оқушыларды Отансүйгіштікке тәрбиелейтін, Отан алдындағы жауапкершілік сезімін қалыптастыруда зор үлестерін қосатын алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімдері «Біз Отанды қорғауға дайынбыз» атты сайысқа түсті. Ұлттық ұланның 55/10 әскери бөлімінде өткен жарысқа өңірдің аудандарынан келген 19 мұғалім қатысып, аталмыш тақырыпта эссе жазып, оқ атудан, қаруды бөлшектеп қайта жинаудан, әскери киімді уақытқа киюден өз шеберліктерін көрсете білді. Атап өтерлігі, мұндай сайыс өңірде Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай алғаш рет ұйымдастырылып отыр.
Сайыс бағдарламасында мұғалімдер өз мектептерінде болашақ Отан қорғаушыларға үйрететін ережелер мен жаттығулардан сынға түсті. Алғашқы әскери дайындық мұғалімдерінің біліктілігін арттыруды көздеген шарада оған қатысушылар ең бірінші «Біз Отанды қорғауға дайынбыз» атты тақырыпта эссе жазып, автоматтан атыс дайындығын көрсете білді.
Атыс дайындығынан бөлек, сайысқа қатысушылар Калашников автоматын бөлшектеумен қатар, оны қайта жинаудан да өз шеберліктерін көрсете білді. Мұнымен қоса, жалпы әскери киімді киюден де алдарына жан салмады.
Сайыс қорытындысы бойынша, эссе жазудан Бұланды ауданынан келген Қанат Қарақұлов, автомат ату мен әскери киім киюден Бурабай ауданының мұғалімі Қанат Нұрпейісов көш бастаса, ал, Сандықтау ауданынан келген Андрей Романюк Калашников автоматын бөлшектеп қайта жинаудың шебері атанды. Барлық жеңімпаздарға дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды.
Айгүл Мырзағұл, Бауыржан Смағұл, Дархан Сағын