
Облыс аумағында денсаулық сақтау нысандарының құрылысы қарқынды.
Облыс аумағында денсаулық сақтау нысандарының құрылысы қарқынды. Мәселен, ағымдағы жылы Бурабай ауданының Кенесары ауылында 25 келушіге арналған дәрігерлік аубулаторияның құрылысы басталды. Оған облыстық бюджеттен 107 млн. теңге бөлінген. Бұдан бөлек, қазір 8 медициналық мекемеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Олардың қатарында облыстық аурухана, балалар ауруханасы мен аудандық емханалардың бөлімшелері бар. Жөндеу жұмыстарына жалпы 1 млрд. теңге көлемінде қаражат бөлінген. Медициналық мекемелердің жұмысын жақсартуға «Денсаулық» бағдарламасының септігі тиіп отыр, - дейді мамандар.
Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында өңірдің денсаулық сақтау саласын дамыту мәселесі де маңызды рөлге ие. Бүгінде облыс аумағындағы 2 медициналық мекеме мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде жұмыс істеп тұр. Олар: Бурабай көпсалалы ауданаралық ауруханасы мен №2-ші Ақмола облыстық ауруханасы. Бұдан басқа, жоба аясында Целиноград ауданының Қосшы ауылында да 150 орынға шақталған емхана салынбақ. Алқа отырысында міндетті медициналық сақтандыруды енгізудің жай-күйі де талқыланды.
Қазір сотталған жандардың арасында өкпе ауруларын азайту, ана мен сәби өлімінің алдын-алу, ауру сатыларын ерте анықтау мәселесіне баса назар аудару керек. Одан бөлек, ауылдық, аудандық ауруханалардың материалдық-техникалық базасы күшейтілгені жөн. Бұл халықтың денсаулығын жақсартуға, ауру түрлерін азайтуға септігін тигізеді. Әрине, білікті мамандар да қажет.
Нұргүл Нұрбайқызы