
Бүгінде Ақмола облысы бойынша 22 жекеменшік медициналық ұйым бар, бұл өңірдегі барлық медицина мекемелерінің 35 пайызын құрайды. Алайда, олардың мемлекеттік тапсырысты орындаудағы үлесі шамалы көрінеді. Биыл жекеменшік ұйымдар 300 миллион теңге көлеміндегі мемлекеттік тапсырысты орындаған. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне мемлекеттік мекемелермен бірге жекеменшік ұйымдардың да қатысатынын ескерсек, бәсекенің арта түсетіндігі сөзсіз. Ал, бұл өз кезегінде медициналық көмек көрсетудің сапасын арттыруға ықпал етеді.
Бүгінде тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін орындауға өңір бойынша 18 медициналық ұйым қатысса, оның тек 4-уі жеке меншік екен. Ал, жаңа жүйе енгеннен кейін бұл көрсеткішті 50 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін табысты енгізу үшін оған жеке меншік бизнесті тартудың маңызы зор. Өйткені, денсаулық саласында адал бәсекелестік болғанда ғана медицина сапалы деңгейге көтеріледі.
Бибінұр Әмірханқызы