
ДИКТОР: 40 жылдан астам Зеренді ауданының шаруашылықтарында мал маманы және Қызылегіс ауылының әкімі қызметтерін абыройлы атқарған Теміртас Ахметбеков маусымның 15-сі күні 70-ке толады. Зейнеткерлікке шыққан соң үйде босқа отырмай, қоғамдық жұмыстарға белсенді араласатын азамат жайлы бір үзік сырды назарларыңызға ұсынамыз.
РКС: Көкшетаудағы №3 қазақ орта мектебінің пансионында оқитын ауыл балаларының екеуінің бірі боксшы болуды армандайтын. Солардың қатарында бойы сырықтай ұзын, үндемей жүріп анық басатын Теміртас ағамыз еді. Ол ең жеңіл салмақты шаршы алаңда сайысып, біраз спорттық биікке көтерілді. 1969 жылы қолына кәмелеттік аттестат алысымен ауылдағы анасының жанына барып, Викторовка ауылында трактор тізгіндеп, жер жыртып, егін екті. Қатаркөл зооветиринарлық техникумын тамәмдап, кейін сырттай жоғары білім алды.
СНХ: ТЕМІРТАС АХМЕТБЕКОВ, МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ АРДАГЕРІ: Зеренді ауданының бірнеше шаруашылықтарында мал маманы болдым. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Қызылегіс ауылына әкім болып сайланып, еліміздің тәй-тәй басқан кезеңінде қызмет еткенімді мақтан тұтамын. Экономикамыз әлсіреп, дербес ел болған кезеңде бізге жауапкершілік жүгі артылды. Оны жүрекпен сезініп, күні түні жұмыс істедік. Басты мәселе ауылдағы су жарық мәселелерін шешу болатын. Және іскер азаматтарды біріктіріп, бірнеше шаруа қожалықтарын құрдық. Өзге де саналуан істер жүзеге асты.
РКС: Бұрынғы боксшы Теміртас Мұқанұлының бүйрегі спортқа бұрылып тұратын дейді жерлестері. Ол Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Қызылегіс ауылында шағын спорт алаңын салуға мұрындық болды. Жергілікті мектепті де назарында ұстады.
СНХ: ҚУАНЫШБЕК ӘБІЛОВ, ҚЫЗЫЛЕГІС НЕГІЗГІ МЕКТЕБІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: Теміртас Мұқанұлы әкім болған жылдары ауылымызда сан алуан жұмыстар жасалды. Ол мектеппен тығыз байланыста болды. Күрделі жөндеу жұмыстарына демеушілер тартты. Спортшыларымызды әртүрлі жарыстарға жіберіге қол ұшын созды. Қандай да болмасын мерекеде оқушылармен жүздесіп, ақыл кеңесіе берді. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де оқушылармен жиі жүздесіп тұрады.
РКС: Жары Ғалия Рахымбекқызы екеуі төрт ұл тәрбиелеп өсіріп, олардан 10 немере сүйіп отыр. Кенжесі Талғат әке жолын жалғастырып, ауыл акімі қызметін атқаруда. Бүкіл саналы ғұмырында өзі туып өскен Зеренді өңірінде жауапты жұмыстарға арнаған Теміртас Ахметбековтің өнегесі кейінгі толқын жастарға үлгі боларлық.
Қалымбек Мұхамеджанов, Жүрсін Өмірзақов.