
Жүргізуші: Еліміздегі тауар биржалары екі деңгейлі жүйеге көшеді. Бұл қадам биржалық сауданы жетілдіруге және дамытуға серпін береді. Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында осы салада қандай өзгерістер болатыны талқыланды. Қазіргі таңда елімізде 19 тауар биржасы бар. 2009 жылдан бері биржалық келісімдер саны 50 есеге өсті. Дегенмен, осы саланы одан әрі дамытып, заңнамасын халықаралық стандарттарға сай ету керек. Сондықтан, сауда және интеграция министрлігі бірінші кезекте тауар биржаларының екі деңгейлі жүйесін енгізуді ұсынып отыр. Сондай-ақ, биржалық сауданың Бірыңғай қағидаларын бекіту көзделген. Министрлік әзірлеген Заң жобасында биржадағы келісімдерді сақтандыру мәселесі де қарастырылған.
СНХ: БАҚЫТ СҰЛТАНОВ ҚР САУДА ЖӘНЕ ИНТЕГРАЦИЯ МИНИСТРІ: Тауар биржаларының екі деңгейлі жүйесін енгізу ұсынылады. Бірінші деңгей, сауда-саттықты биржалық тауарлармен жүзеге асыратын тауар биржалары үшін жарғылық капиталды 700 мың еселенген айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайту көзделген. Екінші деңгей, стандартталмаған тауарлармен ғана сауда-саттықты жүзеге асыратын тауар биржалары үшін талаптар бұрынғы деңгейде қалады.